ҚАРАТАУ – ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕ: ӘРБІР КӨШЕ, ӘРБІР АУЛА НАЗАРДА

Қаратау ауданында биыл әлеуметтік инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл бастамалар тұрғындарға қолайлы, жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Соңғы жылдары аудан шеңберінде демалыс орындарын көбейту, спорт пен ойын алаңшаларын салу сынды маңызды жобалар жүйелі түрде атқарылып келеді.
2025 жылға бекітілген жоспарға сәйкес аудан аумағында 27 жаңа балалар ойын алаңшасы салынуы тиіс. Қазіргі таңда оның төртеуі пайдалануға берілген, қалған 23 нысанда құрылыс қарқынды жалғасуда. Сонымен қатар, биылғы жылы 3 жаңа спорт алаңшасы салынып, қазіргі уақытта оларды қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр. Бұл – аудандағы салауатты өмір салтын қалыптастыру мен балалар бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған нақты қадам.
Жайлы өмір кеңістігінің тағы бір көрсеткіші – гүлзарлар мен саябақтардың саны. Бүгінгі таңда ауданда 2 саябақ пен 23 гүлзар бар. Биыл тағы 12 гүлзар салынбақ. Атап айтқанда, бұл нысандар «Алтын Орда», «Тұран», «Сайрам», «Нұртас», «Астана», «Тұран-2», «Нұрсәт», «Өтеміс», «Таскен», «Шапырашты» сынды шағынаудандар мен тұрғын алаптарды қамтиды. Бұл жобалар қаланың көркін арттырып, экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосатыны анық.
Сонымен бірге, ауданның жаяу жүргіншілерге қолайлы болуы да күн тәртібіндегі мәселе. Биыл 7 елді мекенде жалпы ұзындығы 31,5 шақырым болатын жаңа аяқжол салу жұмыстары басталды. Бұл жаңалық әсіресе мектеп оқушылары мен қарт тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Жоғарыда аталған бастамалардың барлығы Қаратау ауданының әлеуметтік-мәдени келбетін жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін факторлар. Бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімдігінің тапсырмасы аясында алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Аудан жаңа серпінмен дамып, заманауи мегаполис талаптарына сай бейімделіп келеді.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/_Qk_3NL2EBo?si=qhUVDD71uqzykPs-
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ