Киелі Түркістаннан түлеп ұшқан ғалымның мерейлі биігі

Қазақтың рухани бірлігінің тірегі, киелі Түркістаннан үлкен өмір айдынына бет бұрып, биіктерді бағындырған ұлағатты жандар көптеп саналады. Әсіресе, қоғам келешегін тәрбиелеу ісінде топ жарған, ел ертеңіне қызмет еткен азаматтар осы киелі топырақтың қасиетіне адал екендерін қашанда дәлелдеп келеді. Сондай ұлағатты тұлға, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатты зерттеуші ғалым-ұстаз Мақашева Клара Нәлдібекқызының асқаралы белесі қашанда мәрелі.
Ескі мен жаңа дүниенің алмасқан кезеңінде, қандай да бір кәсіпті ары қарай алып жүру үлкен жауапкершілік. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы әлемдік саясаттағы дүрбелең өзгерістерді ғана емес, елдікке енді ғана қол жеткізген тәуелсіз мемлекеттердің де іргесін түзеудегі аса сын сәттерін тудырды. Қазақстан секілді кеңестік кезеңнен кейінгі тәуелсіз мемлекеттің алдында ғылым, білім саласында да түбегейлі өзгерістерді талап ететін реформалар тұрды. Мемлекеттік тілде, әсіресе, дүние жүзі және халықаралық қатынастар тарихын оқытудың бел-белесінің қиын сәті, осы саланы мүлде жаңа бағдарда, тәуелсіз елдің жаңа сыртқы саясаты бағытына сай жаңаша оқыту сұраныстарындағы аса жауапкершілікпен байланысты болады. Осы тұста, ғылымды қазақша сөйлетіп қана қоймай, әлем мәселесін қазақ тілінде еркін талдаудың, оның үстінде қазақ тілінде жазылған ғылыми әдебиеттің мүлде жоқтың-қасы кедергілерін жеңіп, Отандық ғылымда шетелдік мәселелерді аудиторияда мемлекеттік тілде сараптай, түсіндіру тәжірибесін жүзеге асырған оқытушы-ғалымдардың да санаты аз еді.
Сол жылдары университетте білім алған студенттер, біздер үшін ұлтқа жанашыр ұстаздың қасымыздан табылып, жол сілтеуі, қиыншылықтарда женуді үйретуге деген талпынысымен көпті үйретуі, ғылымның қысылтаяң шағында, оған үйретуге, жетелеуге жағдай жасаған ұстаздар ешқашан ұмытылмақ емес. Әсіресе, әлі де бар дүние жүзі және сыртқы саясат, халықаралық қатынастар саласындағы мәселелерді шетелдер тілімен байланыстыра оқытуды үйрететін мамандану бағытының қиындықтары қашанда қым-қиғаш.
Міне, осы тұста, осындай абыройлы міндетке, маман даярлау ісінде аса ыждағатпен кіріскен, сол уақыттағы жас ғалым, студент жастардың сүйікті тәлімгеріне айналған, бүгіндері мерейтой жасына келген, халықаралық қатынастар танушы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мақашева Клара Нәлдібекқызы туралы айтылар ой, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы дипломаттарын даярлаудағы ұстахана – халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының құрылған кезеңнен бастап, бүгінгі уақытқа дейінгі абыройлы қызметтің бел-белестерімен сабақтаспақ.
1955 жылы 10-қантарда Оңтүстік Қазақстан облысының киелі Түркістан қаласында дүниеге келген Клара Мақашева, жастайынан алғыр, жаны көркемдікке құштар, ерекше ата-ана мейіріміне бөленген көп балалы отбасында тәрбие алады.
Білімге бастайтын үлкен өмір жолы, тікелей ғылымға келумен сабақтасқан тағдыр жолының айнасына айналған тағдыр иесі Клара Нәлдібекқызының естелігі де тәлімге толы. «Францияға деген махаббат» тіпті, жас Клара бойжеткенді Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы орта мектепте оқып жүрген шағынан үлкен армандарға жетелегенін ұстаз жиі еске алады. Әуенді француз тіліне, әлемнің классикалық көркем шығармалары дүниеге келген француз әдебиетіне деген қызығушылық, сол тілді жетік меңгеруге деген құштарлыққа ұласады. Өткен ғасырдың 70-жылдары Алматы шет тілдер институты аталған жоғары оқу орны оқытушыларымен мектепте-ақ хат алмасып, ақыл-кеңес алудың соңы, 1971 жылы сол білім ордасының француз тілі факультетінде оқуға түсумен жалғасын табады. Қазір Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті аталатын іргелі оқу орны қабырғасында жүзеге асқан француз көркем әлемін танып-білуге деген арманның орындалуына, сол жылдары Алматыға келіп, білім берген, тілдің тікелей тасымалдаушылары, француз ұстаздардың да, жергілікті ұстаздармен қатар ықпалы зор болғаны әсер етеді. Тіл құдіреті, тілді жетік білу мүмкіндігі, «яғни қанша тіл білсең, бойында сонша адам бар екенін сезінесің» дегеннің шындығы да осыдан шығар, француз тілі маманы атанған жас түлектің тілді білудегі мүмкіндігі үлкен өмірге, әсіресе Франциямен толық байланысты болған ғылымды танып-білуге даңғыл жол болуы да, ары қарайғы өмірлік міндеттерге де мықтап әсер еткен еді. Аталған оқу орнын үздік дипломмен бітіргеннен кейінгі жаңа жоспар, білімді ары қарай жалғастыруға құрылады.
Осылайша, 1981 жылы К.Мақашева сол уақытта С.Киров атымен аталған Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, тіпті төртінші курста, профессор Ж.Ибрашевтың оған «Виктор Гюгоның саяси көзқарастары» тақырыбын дипломдық жобаға ұсынуынан басталған талпыныс үлкен серпіліс болды. Жоба тақырыбында қорғалған диплом жұмысы университетті бітірудің қорытынды аттестаты ғана емес, нәтижесімен де тағдырын шешкен ғалымдық жолға бастама болады.
1988 жылы тарих факультетін үздік бітіргеннен кейін ұлттық университеттің өндірістен тыс аспирантурасына қабылданған Клара Нәлдібекқызының өмірінде, ары қарай білімін ғылыммен жалғастыруға жол ашқан бағдарға жетекшілік еткен, Қазақстандағы алғашқы «халықаралық қатынастар» мамандығын ашып, осы саладағы отандық ғалымдарды жасақтаған, ұлы ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жаңа және қазіргі заман тарихы мен халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Жарас Омарұлы Ибрашевтың еңбегі орасан. Профессор Ж.О.Ибрашев, сол уақыттың 70-жылдарынан бастап, еуропалық бірлік идеясы бастау алатын, француз саяси ілімін зерттеумен тереңнен айналысып келе жатқан танымал тарихшы-ғалым болатын. «Францияның саяси ойындағы голлизм» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған ғалым, аспирантқа да осы бағытта зерттеу жұмысын жалғастыруды жүктейді.
Үлкен ғылымға апарар жол белесінде, осылайша, Клара Нәлдібекқызына әлемдегі көшбасшы мемлекет Франция тарихына, саясатына, мемлекеттік жүйесіне деген қызығушылық бастаушы болады. Жарас Омарұлының француздың атақты генералы Шарль де Голль қызметі мен саяси көзқарасын зерттеудегі голлизм бағыты да, Виктор Гюгоның француз ойшылы ретіндегі ұлы мұрасын зерттеуде де ықпалды болады. Ең бастысы, қазіргі Еуропалық Одақ тарихының негізгі интеграциялық ой ілімінің теориялық бастауларын анықтауға септігін тигізген Виктор Гюго мұрасының деректік сипатын ашуда, оның «Париж құдай ана соборы», «Күле беретін адам» атты атақты шығармалары арқылы Еуропаның, соның ішінде Францияның саяси өміріндегі оқиғалардың поэтикалық жинақтар желісі арқылы қол жеткізген зерттеуші К.Мақашева, қазақстандық шетел тарихнамасын бұрын-сонды мүмкін болмаған қол жетімдікте жеткізуге бағыт салды. Әсіресе, француздық әлемдік ой тұжырымын жасаушы, ХІХ ғасырдағы Виктор Гюгоның дүниетанымына деген ой-орамы, оның біріккен Еуропаға қатысты көзқарастарынан бастау алатын танымға жетелей, қазіргі халықаралық қатынастардың еуропалық интеграция үдерісіндегі ұстанымды бастама болуын анықтаумен ауқымды зерттеуді жүргізуге жол ашты. Осы тұста ғылымдағы өтпелі кезеңде қалыптасқан және Еуропаны танудың дамуына сәйкес келген «Виктор Гюгоның әлеуметтік-саяси көзқарастары эволюциясы» тақырыбындағы ғылыми мәселені зерттеу, аспирант Клара Мақашеваның ғылымдағы бағындырған алғашқы белесі болды. 1993 жылы «23.00.01 – саяси ғылымдар теориясы мен тарихы» мамандығымен саяси ғылымдар бойынша шақырылған Диссертациялық кеңесте кандидаттық диссертация сәтті қорғалады.
Жалпы, отандық ғылымдағы француз тарихы, саясаты, жүйесі мен мәдениеті, білім-ғылымы мен рухани әлемі бағытын зерттеуді дамытушы және студенттерге елтану бағытында дәрістеуші ғалым ретінде, бүгінде әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің елге танымал профессоры, тарих ғылымының докторы дәрежесіне жеткен Клара Нәлдібекқызы Мақашеваның ғылымдағы үлкен жолы, осылайша Қазақстандағы Еуропа тану бағытының үлкен ғылыми мектебін құруға да ықпал етіп, қарқынды дамуға жол ашты. Франция ғана емес, Еуропаның басқа да мемлекеттері университеттерінде ғылыми конференцияларға қатысуда, ғылыми тағылымдамалардан өтуде үлкен тәжірибені жетілдіруге жол бастайтын аталмыш бағыттың ғылыми мектебі, қазір ұлттық университетте жұмыс істеп тұрған ғылыми орталықтар құзырын да кеңейтіп, қарқынды жұмыс істеуге демеу болуда.
Үлкен ғылыми мектептің екінші белесі, 1996 жылы докторлық диссертация қорғауға ниет екен талпыныспен жалғасын табады. Сол жылы тағы да, профессор Жарас Ибрашевтың жетекшілігімен бекітілген докторлық диссертацияға «Франция және еуропалық интеграцияның саяси-дипломатиялық тарихы» тақырыбы алынады. Ғылыми ізденістің осы кезеңінде Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург және Францияның Париж, Ренн, Страсбург қалаларында орналасқан мұрағаттар мен кітапхана қорларында өнімді зерттеу жұмысын жүргізу үлкен қажыр-қайрат пен шыдамдылықтың тәуекелінде жүзеге асады. Дәл осы тұстағы француз тілін жетік меңгерудің арқасында, еуропалық интеграция мәселелерін зерттеуші француздық ғылыми ортадан ақпараттар мен француз ғалымдарынан еркін кеңес алуда ғалым үшін таптырмас мүмкіндік болады. 2005 жылы аяқталған докторлық диссертация, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Диссертациялық кеңесінде, бірден – «07.00.03 – жалпы тарих» және «07.00.15 – халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» екі мамандық бойынша сәтті қорғалады. Ал, 2009 жылы ғалымға профессор ғылыми атағы бекітіледі.
Ендігі жерде үлкен ғылым әлемін бағындырған профессор К.Н.Мақашеваның ғылымдағы қызығушылық танытқан еуропалық және әлемдік интеграция, Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты, халықаралық ұйымдар мен қазіргі саяси үдерістер бағыттарына сәйкес жас ғалымдар даярлаудың ауқымды тәжірибесі мен мектебінің болуы, ғалымның қазіргі халықаралық қатынастар саласындағы зерттеулерді үйлестірудегі қызметімен тікелей байланысты жүзеге асуда. Әлемнің жетекші университеттері мен зерттеу орталықтары өткізген ғылыми бас қосуларда баяндамалар жасауда ғалымның пікірі қашанда салиқалы ойлармен сабақтасып, өзіндік көзқарастар танымында танымал болып келеді. Францияның Гавр университетінің шақырылған профессоры, Түркия, Ресей, Үндістан және Польша мемлекеттеріндегі жетекші университеттерде құрметті дәріскер ретінде қатысушы.
Жоғары мектептің ғалым-оқытушысы ретіндегі өмір ағысының да бет-бедері алынған биік асуларға толы. Ұлттық университеттің халықаралық қатынастар факультетінің оқу үдерістері мен қоғамдық тыныс-тіршілігіне бірдей ат салыса жүре, 1998-2002 жылдары факультет деканының орынбасары, 1998-2003 жылдары «07.00.15 – халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» мамандығы бойынша диссертация қорғауға шақырылған Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы ретінде игілікті істердің орындалуына ұйытқы болды. Көптеген уақыт көлемінде «ҚазҰУ Хабаршысы. Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық сериясы» ғылыми журналында жауапты хатшылық етті.
2009-2011 жылдары аймақтану және әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі болды. Кафедраға жетекшілік ету жылдары «аймақтану» және «әлемдік экономика» мамандықтары бойынша қос диплом, академиялық алмасу жобаларын тиянақты қолға алды. Профессор PhD дәрежесін қорғауға арналған Диссертациялық кеңестерге, сонымен қатар, көрші Ресей Федерациясындағы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде шақырылған Диссертациялық кеңеске де мүшелік етеді.
Клара Нәлдібекқызының ғылыми жетекшілігімен екі PhD, төрт кандидаттық диссертация және көптеген магистрлік жобалар қорғалып, жас ғалымдар қатарын қалыптастыру жүзеге асуда.
Ғалымның қаламынан шыққан 200 астам ғылыми еңбектер қатарында ғылыми мақалалар, монографиялар мен ЖОО студенттеріне арналған оқу құралдары және мектеп оқулықтары жарық көрген. Алыс-жақын елдерде, оның ішінде Франция, Үндістан, Түркия, Тайвань және Ресей ғылыми басылымдарында еңбектері, бірқатар шет тілдерінде жария болған. Ол кісі жазған жалпы тарих оқулықтарымен мектеп оқушылары білім алады. Профессордың ғылыми-педагогикалық қызметі жеткілікті бағаланған. «2008 жылы ҚазҰУ үздік оқытушысы», «2009 жылы халықаралық қатынастар факультетінің үздік оқытушысы», «2010 жылы ЖОО үздік оқытушысы» марапаттарының иегері болады. Университет дамуына қосқан үлесі үшін «Мерейтойлық төс белгілер» және ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатын алған. 2020 жылы мемлекеттік марапат «Шапағат» төс белгісімен марапатталған.
Аса талғампаз, ұжымда жұмыс істеуге ерекше қабілетті, өзіне талап қоя білетін, абыройлы, шәкірттері мен әріптестері арасында құрметті, аяулы ұстаз-ғалымның отбасында да үндестік қалыптасқан. Жары Болатбек екеуі, елге қызмет етуде абыройлы азаматтар ретінде танылып жүрген – Ермұқанбет, Салтанат және Жәнібек есімді балаларын мақтаныш етеді. Осы балаларынан тараған ұрпақтарына деген әжелік махаббаты өз алдына бір ұлағат мектебі іспетті.
Бүгіндері өзінің мерейлі жасы – 70 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған сүйікті ұстаз, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатты зерттеуші ғалым-ұстаз Мақашева Клара Нәлдібекқызының мерейлі биігі қашанда үлгі өнеге.
Ұстаздың жанында қашанда шәкірт болып қала беретін, біздер, ол кісінің жанында өсіп-өніп, қамқорлығына бөлене, сын-ескертпелерімен шыңдала, сол кісідей болмасақ да, ұқсап бағуды жөн көреміз.
Исова Лаура Тәңірбергенқызы-әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті, т.ғ.к.