Шымкентте инфрақұрылымды дамыту: ауыз су, газ, электр және кәріз жүйелері жаңартылуда

Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 99%-ға жетті. Қалған Құрсай елді мекенінде жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталып, қазір су қосу шаралары атқарылуда. Қаланың ұлғаюына байланысты жаңа аудандарда да ауыз су жүйелерін жүргізу жалғасады.
Қаладағы 81 шағын ауданның 25-і (713,5 мың адам) кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. 2024 жылы 1 магистралды коллектор (Тұраннан КОС-қа дейін) және 5 ішкі орамдық жүйенің (Нұртас, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға дейін ұлғаймақ. 2025 жылға Айқап-Түркістан, Шым-Сити жобаларының құрылысы толық аяқталады.
81 елді мекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған. 2024 жылы Асар-2, Тұран 10 РП, Ақжар ҚС, Сайрам, Бозарық, Құрсай және Тұран шағын аудандарында 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Асар-2 және Бозарық шағын аудандарындағы жұмыстар 2024 жылы аяқталады, қалған 5 нысанның құрылысы 2025 жылы тәмамдалады.
Қаланың 55 елді мекені толық, 24-і жартылай, ал 2 елді мекен мүлдем газбен қамтылмаған. Қазіргі қамту деңгейі 96%-ды құрайды. 2024 жылы 12 нысанның құрылысы аяқталып, табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,4%-ға жетеді деп күтілуде.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі